Арқамды аруақ қысып, кек кергесін...
Арқамды аруақ қысып, кек кергесін,
Ауады аласұрып өткенге есім.
Қазақта Қойлыбайға қонған кие
Шайырдың шарпып өтсін
от кеудесін...
Жаныма жеткенде ұшып
жын Қақаман,
Күркіреп көк аспаннан тіл қата алам.
Кеш түсе күмбір-күмбір күйге елітсем
Қылаңдар бақсы биі қыр-жотадан.
Шарпылған күйі көкке, әні асқарға,
Бабамның өнеріне талас бар ма?
«Қазақта бақсы асқан жоқ
Қойлыбайдан»
Тарту қып берген екен
Алашқа Алла...
Баз кешсе бәйек болып бүлінетін,
Бақсының жын-перісіз күні жетім.
Жыр қылып кейінгіге кеткені анық
Мәңгілік ұлы өнердің құдіретін.
Құбылып лықсып шығар ырғағынан,
Бақсылық – байлауы жоқ бұл да
бір ән.
Құпия, құдіреті басым білем
Тағдырдың тоқсан тарау жұмбағынан.
Айығар қобыз тартса қалың кептен,
Бозарып Қойлыбайдан сабыр кеткен.
Бабамды бақсы қылған жын-пері емес
Түсірген ерек етіп Тәңір көктен.
Тірліктің талқандай сап тас қабірін,
Қондырған жер төсіне аспан үнін.
Тәңірмен тілдеспек ем оятпаққа
Қалғыған Қойлыбайдың қасқа мұңын.