12.09.2022
  210


Автор: Бижан Қалмағанбетов

АҚ ТҮС

Алмағанмен жағаңнан сол сұрақ тап,
Кете алмассың ақиқаттан жырақтап.
Қайсысына бұрар абзал жүрегің,
Қыста қарың, ал жазыңда гүл аппақ.
Ақ дегенің түс қой ғажап сиқырлы,
Салыстыру демекпісің біртүрлі.
Жаман деуге жатқызбассың болса да,
Бірі суық, бірі нәзік, сүйкімді.
Тойда мынау қауқылдасып базарлы,
Аппақ келін түсті дейміз ажарлы.
Бар болмысын өлшеп-пішіп сыртынан,
Ішіне оның аудармаймыз назарды.
Аппақ сақал көпті көрген атамыз,
Қабыл болсын аппақ тілек батаңыз.
Ақ жауында ақ жол десіп баршаға,
Ағарған іш, үйге кір деп жатамыз.
Шықса да жау қылышын ап сайлана,
«Аққа құдай жақ» дейді ғой қайда да.
Қолдан келсе көмегіңді аяма,
Еш адамға жаманшылық ойлама!





Пікір жазу