ТАБЫЛДЫҒА
Көп болды кезің сенделген,
Айқасып ылғи ездермен.
Қазақтың біткен бағына,
Дарын ең шыққан Дендерден!
Қайғысы болып сен елдің,
Оралмас жаққа жөнелдің.
Гитараң қалды иесіз,
Патшасы ең өзің өлеңнің.
Қанатың деуші ек талмасын,
Кім енді сендей жалғасын?
Шырқаған сенің әніңнен,
Теңселіп тұрды Алматың.
Отты жыр қанжар, алмас та,
Тыңдады ұйып жартас та.
Дос үшін отқа түсетін,
Жігіт ең нағыз марғасқа!
Салатын өнер - барыңды,
Жырларың қандай жалынды?!
Табылды деген бір ақын,
Көкте емес жерден табылды.
Осылай достар құптады.
Көп еді жырдан ұтқаның,
Шөктірді тілеулестерді,
Тым ерте ажал құшқаның.
Шындықтың қаны сорғалар,
Жүк болар ойың нарға бар.
Қырық бес жас па, тәйірі,
Жүз жасап жатыр «қарғалар».
Сужүрек, қорқақ қояндай,
Тынды іштен бәрі ой, алла-ай!
Сал-сері ең, өзің айтқандай,
Ұйқыңнан қалдың оянбай.
«Кеудемде жатыр жарылыс,
Кәусарым –жырым қанып іш.
Сары ала күзде кеттім» дер,
Болармын елес, сағыныш!»
Сездіріп көңіл астарын,
Жауыңды жырмен жасқадың.
Сен жүрсең алуан жүректе,
Өлмеске қадам басқаның.