КУРСТАС ДОСТАРЫМА
Достарым, іздеп мені алаңбысың,
Самғады қанаттарын саған құсым.
Жастығымның куәсі, ыстық мекен,
Сүйікті қалам менің аманбысың?!
Келіп ек құшағыңа Қарағанды,
Көтеріп киім толы чемоданды.
Армияда ысылған жандармыз ғой,
Ойда тек білім алу сол алаң-ды.
Сол күндер еске түссе ертек те еді,
Сыра ішпеген деуші едік еркек пе еді.
КИПТ-ға бәріміз қабылдандық,
Әр үйдің бір-бір ерке, тентектері.
Топтасып жөнелеміз, тұру бар ма,
Ол кезде бөлінбеуші ек руларға.
Талай-талай аруға ғашық болып,
Тұманбайша жыр жаздық сұлуларға.
Әлемнің қожасындай күйге де еніп,
Шіркін-ай, еркін өмір сүрген едік.
Қалаға аты шыққан, санасатын,
Авторитет «индустар» біздер едік.
Би биледік кештерде топты жарып,
Қиналмастан жібердік тост да алып.
Батырсынып жатаққа ораламыз,
Таң алдында көз ісіп, бет қызарып.
«Кітап деген – білімнің бұлағы» анық,
Бірімізден-біріміз сұрап алып.
Әйтеуір періштелер демеп бізді,
Сессияда сындардан құламадық.
Шалқып қалу, қыдыру санамызда,
Уақыттың ағымынан қаламыз ба?
Ауғанның соғысына қатысқандар,
Бар еді біздің де көп арамызда.
Біледі олар не түрін сілкіністің,
Құнын ерте айырған күрсіністің.
Келтіріп кейде бізді тәубемізге,
Жиі айтатын қымбатын тіршіліктің.
Бәрі таныс бұл аймақ атырабы,
Түлектерін жатсынбай шақырады.
Ортамызда жоқ бүгін достарға арнап,
«Торқа болсын дейік те топырағы!»
Әзіл айтып, көңілді шаттандырып,
Кеудемізде тұрған кез ақ таң күліп.
Бес жыл бірге, қоштасу қиын екен,
Тұрдық елге қимастан аттандырып.
Алып - ұшпа сезім бе, балалық па,
Мойын бұрып өткенге қарадық па?
Уақыт бізді екі есе есейтіпті,
Жиырма алты жыл өтіпті аралықта.
«Таныдың ба?» – достардың ол қыспағы,
Елестетіп бейнені сол тұстағы.
Сағынышпен қауышқан құшақтар-ай,
Бір сезімнің ерекше толқытқаны.
Жанарлардан тұңғиық сыр аулатқан,
Жастық өтті тырнадай тыраулатқан.
Ата-әжеміз сүйікті немереге,
Самайларды бұл күнде қырау басқан.
Айтсам мен сіздерге ашық жоспарымды,
Кездесіп, қоссам дедім бастарыңды.
Өткенді, бүгінгіні толғайық бір,
Естиік ақ тілек пен асқақ үнді.
Таттық қой тұщыны да, ащыны біз,
Бірге өтті бәріңменен жас күніміз.
Бұл күндері беделді азаматпыз,
Бизнесменбіз, кеденнің бастығымыз.
Өсіңдер, өркен жайып, түлеңіздер,
Қалсын артта тарих боп сүбелі іздер,
Училище, мектепте директорлар,
Компания президенті мына біздер.
Білімдінің күні әркез жарық болар,
Мамандықтың қыр-сырын танытты олар.
Ұстаздар да біздерге дәріс берген,
90, 80, 70-ке келіпті олар.
Берейін деп күш-қуат, барымды елге,
Баласындай сүйреген бәріңді өрге.
Кәне, достар, құрметпен бас иейік,
Жол көрсеткен мұғалім – тәлімгерге.
Жиналыпты ығай мен сығайлары,
Біреу күйеу, ал біреу жұбайлары.
Еске салып құлпырған шағымызды,
Жайнап кеткен қаланың гүл аймағы.
Жаңғырығы бұл күннің көпке барсын,
Өмір өзі жақсысын екшеп алсын.
Қуанышты басымыз қосылған күн –
Осы кештің әр сәті есте қалсын!