12.09.2022
  230


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ЖАН ЖАРЫМА

Қанат беріп ұшырды ауыл мені,
Бәрі туыс, көз-көрген бауыр да еді.
Әлияшым – базары отбасымның,
Туған күнің құтты болсын сәуірдегі.
Төгіліп бір жүзіңнен күн арайлы,
Елестеттің бейкүнә құралайды.
Он сегіздей көзіме көрінесің,
Әйел жасын дейді ғой сұрамайды.
Кем-кетігін мен үйдің түсінбеспін,
Махаббаттың байқамас күшін де ешкім.
Ғұмыр кешіп, саналы мына өмірде,
Қабағыңа қайғы-мұң түсірмеспін.
Тәрбие алған қазақи үлгісімен,
Қарап қалар қызыға жұрт ішінен.
Назерке мен кішкентай Ғазизамыз,
Қуантады пәк, мөлдір күлкісімен.
Өткен күндер тең келмес алтынменен,
Қимылыңнан ширақтық, қарқын көрем.
Он бесіңде қатарың алды болып,
Бітірдің сен мектепті алтынменен.
Ата-анаң да ойыңды құп алыпты,
Сен бітіріп шыққанда Жұбановты.
Қызыл диплом иесі қаржыгер боп,
Сүт кенжеміз озды деп қуаныпты.
Беріктігі белгілі іргенің де,
Алаңдаман сен үйде жүргеніңде.
«Нұрбанкте» бүгінде қызметің,
Жетекшісің беделді бір бөлімге.
Төрімізде ағайын, достар, әні,
Келді бәрі құттықтап, қоштағалы.
«Әке көрген оқ жонар», папаң бүгін,
Хромтаудың қаржысын басқарады.
Қол қусырып, тұрған жоқ намыс көріп,
Қарашы әне, жатыр ғой бәрі істеліп.
Ұлағатты ұстаздың бірі атанып,
Ағылшынша анаң жүр дәріс беріп.
Демегін сазды әуеннен бейқам әлі,
Шымырлап жүйке, буын, құйқалары.
Тыңдайды сенің салған әніңді елітіп,
Тартқанда бойың балқып гитараны.
Қосылмайсың бас изеп, қоштағанға,
Сөзің де жоқ түсінбес оспадарға.
«Бірліксіз жоқ тірлікті» терең ұғып,
Ағайынға жайлысың, дос-жаранға.
Бір еркектің мерейлі бағысыңдар.
Бір дастарқан басында табысыңдар.
Әйел деген әр үйдің компасы ғой,
«Тату болса ас көп қой абысындар!»
Өзгелердің гөй-гөйін неғыламын,
Қиналғанда жаныңнан табыламын.
Әркез мені күлімдеп қарсы аласың,
Шаттық толы өзіңмен шаңырағым.
Тура қарап, жүзіңе қадалайын,
Жан жетпейді теңеуге саған айым.
Бақыттымын шын сырым, ағайындар,
Адал жар деп мен сені бағалайын.
Көп сөйлейді демеңдер осы ағамыз,
Кәне, тұрып бәріміз тост аламыз.
Әлияшым, өмірің ұзақ болып,
Берік болсын мерейлі босағамыз!





Пікір жазу