12.09.2022
  156


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ЕРКЕ ҚЫЗЫМ ҒАЗИЗА!

Ғазизажан, ерке қызым, бұзығым,
Тәтті бізге сенің әрбір қылығың.
Төртке толдың, құтты болсын туған күн,
«Сүттен де ақ, судан таза» тұнығым!
Сен болмасаң үйім де бос бір түрлі,
Әртүрлі ойлар қашырады ұйқымды.
Денем балқып, біраз жасқа жасарам,
Естігенде сенің шуақ күлкіңді.
Жаным былтыр сен мұңайдың бекерге,
Жолаушылап біз алысқа кетерде.
Биыл, міне, сәті түсіп өзіңді,
Алып бардық Түркияға – шетелге.
Дельфинарий, теңіз үсті, лағыл бақ,
Аралаттык бұйрығыңды қабылдап.
Ең бастысы түсті көңіл орнына,
Саған берген уәдені орындап.
Сәби жанның ерке болса несі мін,
Дейміз-дағы береміз көп кешірім.
Назеркедей апаң енді оқушы,
Ашты биыл алғаш мектеп есігін.
Қызым, ойна, жас шағыңда жарқылда,
Сәл нәрсеге өкпеңді айтып, сарқылма.
Сәл-сәл шыда, жүзеге асар ойларың,
Пәк күлкіңді теңемейміз алтынға.
Мамаң, папаң жақсы лебіз толғап ап,
Жүрекке орап сонсоң саған жолдамақ.
Мұң шалмасын ешуақытта жүзіңді.
Бізге ертең боларсың сен қолғанат.
Берілетін бейуақытта сан мұңға,
Себеп те жоқ ризамын тағдырға.
Сен де аман бол, біз де есен-сау жүрейік,
Қызым, әлі бар қызығың алдыңда.





Пікір жазу