12.09.2022
  145


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ГҮЛДЕР

Ағы, көгі, сарысы, қызылы ма,
Ден де бермей жұртшылық ызыңына.
Гүл сататын алаңда жүрмін, міне,
Хош иістің бөленіп қызығына.
Сатушы да тіс қаққан аңғарымды,
Мақтайды кеп құп көріп алғанымды.
Әр гүлге бір еріксіз ұмтыламын,
Білмеймін де қайсысын таңдарымды.
Келді асығыс жүгіріп бала қыран,
Гүл ұсынар айналдым талабынан.
Өңі қанық, әдемі көрінеді,
Жұлынса да ертерек сабағынан.
Жадыратар жаныңды тым ерегі,
Бір топ жастар әндетіп жүрер еді.
Ауыл маңын көктемде көмкеретін,
Қызғалдақтар түсіме жиі енеді.
Солып босқа майысып құрығанша,
Өтсем дей ме бөгелмей тұрып онша.
Бір бумасын қалаған сатып алдым,
Бас қатырып жатпадым құны қанша?
Бәрін қосып жақсыға жарамдыға,
Саудагерлер көтерер бағаңды да.
Бірақ, бірақ пендені мәз етуге,
Бұрып тұрар жүрегім алаң мына.
Әппақ шыңға қиялмен шығам-дағы,
Қол созамын күндерге түу алдағы.
Сыйлығыңа мәз болып жас балаша,
Қандай жақсы адамның қуанғаны!





Пікір жазу