КЕУДЕ
Әр нәрсенің басын шатып сөйлеген,
Шешен бе деп таңданам да кейде мен.
Бұл күндері бастықсымақ жұмысын,
Баспен емес атқарады кеудемен.
Ашып тастап омыраудың түймесін,
Келе жатқан кім деуің де кейде сын.
Келістірмей жүрсің десе жауабы,
Тосады алға сол баяғы кеудесін.
Бір биікке бара жатса өрмелеп,
Айта алмайды кейінгіге сен де жет.
Қайда болса сонда сұғып тұмсығын,
Төске соғып кіріп кетер кеуделеп.
Тірек мықты осал демен жығылар,
Келбетінде күздің суық сызы бар.
Қайда да мен бұзып-жарып өтем деп,
Бағына емес кеудесіне сыйынар.
Талай сабаз асырып жүр айласын,
Шырылдаймыз, ей, ақиқат қайдасың?!
Басты ауыртпай, миға жұмыс жасатпай,
Көріп те жүр құр кеуденің пайдасын.
Жетер дерек айтуыма себеп те,
Мақтаншақ та, шеттерінен желөкпе.
Бос шелектей даңғырлайды ол кімге,
Кеуде емес іште түк жоқ кеуек пе?
Айтыспа, тек дұрыс десең жеңесің,
Осымен-ақ байқатады өресін.
Берік, әрі әділетті қоғамның,
Осындайлар босатып жүр шегесін.