12.09.2022
  133


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ТУҒАН ТІЛІМЕ

Таулар қазып, тастар керім,
Жетер күшім қашау үшін.
Қара жерге тамса терім,
Сен өмірде жасау үшін.
Демейсің де сорлатамын,
Жауыздықпен асау үшін.
Ақ қалалар орнатамын,
Сен өмірде жасау үшін.
Білем елдің жаңарарын,
Күнге балқып нұрын кешсін.
Абыройлы боп балаларым,
Батырдайын өзіңде өссін.
Көтерілген теңіздей ме,
Толқын ұрған жағасына.
Шіркін көңіл сені іздей ме,
Ән- күй байлап қанатына.
Туған тілім қызу үнді,
Жамандықты отау үшін.
Жалғастырам ғұмырымды,
Сен өмірде жасау үшін.
Тусам ерте тілер де едім,
Болады жақ аққа құдай.
Көп оқып, көп білер ме едім,
Ақсақалды қарттарымдай.
Кештеу келсем бұл өмірдің,
Сезер ме едім қадірін де.
Әнін айтам жүрегімнің,
Жастың және кәрінің де.
Ұсынсам да бар сыйымды,
Қайғыны жең, тырыс деді.
Алтын басым қанша иілді,
Тумағаным дұрыс па еді.
Көңілім бірақ жайланар ма,
Біреу қалып, біреу озған.
Өкінуден пайда бар ма,
Тойым өткен, «тоным тозған».
Уақыт деген асыл жан ба,
Бар сырларым ішке сыйған.
Жетсе деймін ғасырларға,
Мейірімділік және иман!
Сағынышқа берілдім де,
Жүрек толы тұзды уайым.
Бір жарқ етіп көріндің бе,
Шаттанайын, жыр ғылайын.
Қайғырғанда асылым-ай,
Оңаша қап түн сырласты.
Көзге жас кеп жасыдым-ау,
Дөңбекшідім, ұйқым қашты.





Пікір жазу