ОТ
Жас болсаң қызарасың, шоқтанасың,
От болып жанып тұрсаң жоқ таласым.
Өмірдің өрге тартқан соқпағында,
Күймейсің, бірақ талай қақталасың.
Жақсы ойды көкірегіне түйеді кім,
Қызуын шашып басын иеді күн.
Отана, отағасы, отбасы боп,
Келеді «от» дегенің киелі үғым.
Көз салып жұлдызды түн толған айға,
Қаламыз кейде абыржып жолда да ойда.
Алыстан от көрінсе ауыл дейміз,
Ұшқыннан жалын шығып лауламай ма?
Көбелек түсердей боп үздігеді,
Қанатын абайсызда күйдіреді.
Сонда да кетпейді ұзақ алысқа ұшып,
Ғашық па отқа өлердей кім біледі?!
Алаңсыз топты отырған шошындырып,
Жасаса бір ақымақ тосын қылық.
Ол үшін сұрар досы кешірімді,
Бетімнен кетті ғой деп отым шығып.
Барымды берсем деймін өлеңге мен,
От сезім соншалықты тереңде ме ең?
«Әзілің жарасса егер ойна атаңмен»,
«Ойыннан от шығады» дегенменен.
Қалайша айтпай оны шектелемін,
Талай от сұрапылдан өткен елім.
Қалмасын жолдарымыз тұйықталып,
Қызуы суымасын от дененің!