ІШІМДІК
Әңгіме айтпай өзімізге пайдалы,.
Басталады қайдағы бір, жайдағы.
Сапарласым жол үстінде бір күні,
Ішімдікке қалайсың деп қоймады.
Әрине, әркім не айтса да ерікті,
Сабақтады өзінше ойын «көрікті».
Сұлу қыздай тұрса алдыңда мөлдіреп,
Ішу керек деп бір қойды бөрікті.
Басталып бір ұрыс-шатақ, ақырет,
Әкелетін ішімдік зор қасірет.
Қыз-қырқынның тартынғанын көрмедім,
Арақ-шарап еркектердің асы деп.
Сонау жастық бала кезден сезгенім,
Бақытына қол сұқпадым өзгенің.
Жиырма бестің қызуымен кім білген,
Болған шығар шалыс басқан кездерім.
Өкіндім де дей алмаймын, ұтылдық,
Шүкір оны өңештерден зытырдық.
Жасырмаймын, ақталуға жоқ себеп,
Ішпедім деп айта алмаймын күпірлік.
Еске салсам қарттардың не дегенін,
Боза ашытып суы деуші ед көженің.
Ал, қазір ше, әуестігім жоқ онша,
Сабырға кеп өзімді-өзім тежедім.
Ерік беріп қоямысың сол тілге,
Қандай ақыл бермекшісің сен кімге?
Намысыма тиме, кәне, жолаушым,
Нең бар еді басымдағы бөркімде?!