12.09.2022
  128


Автор: Бижан Қалмағанбетов

КӨҢІЛ

Келдің қайдан – Алматы,Жасыбайдан,
Қажет емес жылпостық, тосын айлаң,
Біліп айтқан бабамыз қалар кейде,
«Дос көңілі жарты атым насыбайдан!»
Өмірлік шарт, бетке ұстар негізі де,
Жетпейді екен ертеңге сеніміңе.
Қалталы да шығарсың, қажет кімге,
Ең алдымен қарайды көңіліңе.
Байқайды олар ысырып ұятты да,
Келбетіңнен арайлы күй ақты ма?
Ішің, бәлкім, болар да астан-кестен,
Ал көздерің компасың сияқты да.
Жеткізбейді көңілдің көптігі де,
Талай әсем жылдарым өтті міне.
Жайып салар сырымды, таңданбаймын,
Тиер маған өлеңнің септігі де.
Дос қуантып көңілім көтерілді,
Білмей тұрмын дәл қазір не етерімді?
«Көңіл деген – көк дөнен» жорта берер,
Болмасыншы әр таңым өте мұңды!
Өмір қысқа дегенге мен сенбеймін,
Барымды да қолдағы берсем деймін.
Өкінбестей уақытты өткізейік,
Қарсы тұрар дауылға желкендеймін!





Пікір жазу