12.09.2022
  159


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ҰСТАЗ

Біз де бір кез назарға ілінбедік,
Кетті ғой дер біреулер күнін көріп.
Сағынышпен еске алам жүргенімді,
Шәкірттерге ұстаз боп білім беріп.
Сөзімнің жоқ асыру, асықтығы,
Зор лауазым көрдім мен нәсіп мұны.
Орта білім алған соң училище,
Бар тағы оның жалғасы кәсіптігі.
Әр сәт қызық, күндер де келте тегі,
Бала аңсаумен, қиялмен ержетеді.
Оқушым бар – ауылдан, қаладан бар,
Еркін өскен әр үйдің тентегі еді.
Мен де жаспын, қанықпын сырларына,
Ризамын алдарында тұрғаныма.
Лекциямның тым-тәуір шырқын бұзып,
Жүгірмектер бұрады қыз жағына.
Көкейлерін түсінем, шеттемеймін,
Қандай айбар көрсетем көпке деймін.
Қыз дегенің қып-қызыл гүл ғой, шіркін,
Мен несіне оларға өкпелеймін.
Шеттерінен керемет желікқұмар,
Тау қопарар қойсаңдар беріп құрал.
Жасырайын несіне қызып кетіп,
Жыр оқығым менің де келіп тұрар.
Бұл «майданнан» тартынып, аянбайды,
Махаббатын жарыса баяндайды.
Төлеген боп, мен әлде Қозы болып,
Оқысам ба Қыз – Жібек, Баян жайлы?!
Осылайша шығарып ақ терімді,
Ұмытпаспын оқталған сәттерімді.
Сол кездердің бейнесі қаз-қалпында,
Түсіп қапты ақтарсам дәптерімді.
Ұстазым деп көркейткен санамды ашып,
Сол балалар тұрады хабарласып.
Отбасылы, байсалды азаматтар,
Көрсе сәлем береді амандасып.
Уақыт деген зырлаған зергерім-ай,
Талай жасты беттеттім өрге бұлай.
Ұстаздығым жүрекке төкті сәуле,
Қайта оралмас жастық шақ, дәуренім-ай!





Пікір жазу