12.09.2022
  97


Автор: Бижан Қалмағанбетов

БАШҚҰРТСТАН

Көркіңменен естірсің көп мақтанды,
Бір жолаушың тағы өзіңе аттанды.
Уфа менің екінші үйім боп кетті,
Өзімсініп еркін ашам қақпаңды.
Сұрасам ба еліңнен бір сүйінші,
Алабұртқан жүрегімді ұғыншы.
Жылқы өсіру, ірі қара, бал ма, әлде,
Бәрінен де жүлделісің, бірінші.
Әрі қарай сабақтасам жалғасын,
Білем істің орта жолда қалмасын.
Картобың ба, сүт бұлағын ағызу,
Ресейде тағы да сен алдасың.
Еңсе биік, жүздерің де шырайлы,
Табыстарың жетіп жатыр былайғы.
Өндіретін, жөнелтетін, өңдейтін,
Башқұртстан іргелі ел ғой мұнайлы.
Ашық ойдың айтар болсам дерегін,
Уфа саған әлі талай келемін.
Жақындасам ашылады тынысым,
Қарсы алады орман- тоғай, желегің.
1500 жыл тарихың бар сан ғасыр,
Көк майсаңмен құйғандайсың жанға сыр.
Швейцария деп қаламын екінші,
Айналама көзім түссе жап-жасыл!
Адамдары сөйлесуге бейімді,
Бірден саған көңіл бөлер зейінді.
Шежірелі, көне қала Уфа бұл,
Ресейде Дербенттен кейінгі.
Қалам сенің сымбатыңа елтідім,
Сірә ешуақыт таппайды ма ел тыным?
Гүлді қойып тұрдым ұзақ ойланып,
Жанына кеп Достық монументінің.
Жоғалтпаған алтындайы салтын әр,
Сондықтан да мерейі өсіп жарқырар.
Башқұрт, татар, орысы да, басқасы,
Миллионнан асатұғын халқы бар.
Қарамай-ақ сарғыш тартқан жүзіне,
Түркі тектес бауырластың бірі де.
Аудармасыз түсінесің кідірмей,
Оның саған башқұртша айтқан тіліне.
Еркіндік бар, ештеңе жоқ жасқанар,
Отаным деп құрметтейді басқалар.
Діні ислам, ақты жақсы көргеннен,
Ақ Еділ боп, Ақ барыс боп басталар.
Қалар есте шайқас салған сол дақтар,
Ұмытылмас кешегі өткен боздақтар.
Юлаев Салаваттай батырын,
Піріміз деп әлі күнге ардақтар.
Жеткізбесе әдемі оймен сырларын,
Көп алдына шыға қалса бір дарын.
Біздің ойшыл ұлы Абай секілді,
Жатқа оқиды Мұстай Кәрім жырларын.
Аспан ашық күндерімде шуақты,
Тұлпар сынды тасты жарған тұяқты.
Ақтөбемнен шықсам саған жетемін,
Туып-өскен Атырауым сияқты.
Өткен-кеткен деректерге жүгінсем,
Тарихың да терең екен үңілсем.
Уфа саған түсер жолым сан рет,
Бар қызықтан қалардаймын кідірсем.





Пікір жазу