ӘЗІЛ
Түсіндірем қалайша мына жайды,
Кей қылығым достарға ұнамайды.
Бас қосқан бір оңтайлы сәттерімде,
Шын жасыңды айттың деп кінәлайды.
Бермекпісің жоспарлап, сызып кеңес,
Ақыл айтар бұл балаң бұзық та емес.
Жасымды айтсам аттадым біраз жылды,
Жиырма да емес, отыз бен қырық та емес.
Байлық емес, ақ көңіл шашылғаным,
Мен достардан ештеңе жасырмадым.
Жарты ғасыр жер басып жүрмін, міне –
50 деген бүгін ер жасындамын!
Барым осы, несіне ақталамын,
Көңіл жылы қабылдап жатса бәрін.
Тәуелсіздік желбіреп туы биік,
Ел жаңарды, бұл жаспен мақтанамын.
Балалық шақ іздесем табылмады,
Тәріздімін ергендей сағымға әлі.
Кейбір селсоқ жандарға қарағанда,
Жиырма бесім ойнайды қанымда әлі.
Сүйем мынау даламның жайнағанын,
Тыңдап өстім бұлбұлдың сайрағанын.
Бір сұлу қыз қараса жалт бұрылып,
Ол белгісі – тұғырдан таймағаным!