12.09.2022
  98


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ОРАЛУ

Артыма бір қарайладым кетерде,
Құпта мейлің, бұл сезімің бекер де.
Темір қанат көтеріліп аспанға,
Саяхаттап бара жатып шетелге.
Жолың түссе айтшы қай күш бөгемек,
Талай біз де «сапар сәтті» деген ек.
Ал ол жақта бізден мүлде басқа әлем,
Мәдениет, салт-санасы керемет!
Деп тұрғандай қоштап сені іркілме,
Біздегідей жоқ реніш, күңкіл де.
Зәулім үйлер көз талады қарасаң,
Жаппай халқы сөйлеседі бір тілде.
Мойынсұнған бәрі ортақ бірлікке,
Қалайша олар ие болған тың күшке?
Тек нан мен су қасында тұр, ғажайып,
Құрылыстары жүріп жатыр түнгі үште.
Шеттерінен бейімделген өмірге,
Әттеген-ай жиі келер көңілге.
Таңданасың адам сынды барлығын.
Атқаратын техника-темірге.
Жоқ бұл жерде қақпан құрар дұшпаның,
Сонда да көп көрінеді тыстағың.
Шақырады түсіңе еніп, қол бұлғап,
Дарқан далаң – өзің Қазақстаның.
Мәз боласың тамаша ой түйгенге,
Қарсы алмай-ақ қойсын ән мен күймен де.
Ораласың сағынышпен сенгісіз,
Туған жерге табаның бір тигенде.
Бойды тіктеп, жан-жағыңа дұрыстап,
Қарайсың да осында деп ырыс-бақ.
Ауасы да ерекше ғой, паһ, шіркін,
Дейсің-дағы кеуде кере тыныстап.





Пікір жазу