12.09.2022
  130


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ЕМТИХАН

Бағыт бұрсам балалыққа ептеп мен,
Сол ауыл ғой бізді өсіріп, көктеткен.
Осы сөзді біз жоғары сыныпта,
Жүргенде оқып естіп ек мектептен.
Көрінгенмен тым қаталдау, сезікті,
Ешкім одан дей алмас ем безіпті.
Студент боп жүргенде де мәз болып,
Алдымыздан тағы шықты, кезікті.
Ойын-сауық, қимай думан-кештерді,
Жүргендерді ақылды ұстаз ескерді.
Кітапшамнан көрсете алам мақтанып,
Емтиханнан алған ылғи бестерді.
Өткен өтті, бүгінгі күн кіл егес,
Көріп тұрып көңілің қалай жүдемес.
Аяқ бассаң әр қадамың есепте,
Айтып көрші мынау өмір сын емес!
Мінбеге бір шықса жігіт құйындау,
Басы айқай, ал аяғы жиын дау.
Бір алланың берген жасын жасарсың,
Тіршіліктің емтиханы қиындау!





Пікір жазу