12.09.2022
  172


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ШАҢЫРАҚ

Қанаттанды осында бала арманым,
Түлеп ұштым ұяда қала алмадым.
Сол суреттер өткеннен елес беріп,
Қандай жақсы сапардан оралғаның.
Өзге өлкеде адам көп жата ала ма,
Шақырғандай туған үй, ата-ана да.
Құс боп ұшып самғағың келіп тұрар,
Бауыр басқан төсегің, босағаңа.
Мойын бұрмай көшеге сабылысқан,
Жетсем деп тек жүрегің алып-ұшқан.
Бүлдіршінің, жан жарың қарсы алады,
Құшақтайды жамырап сағыныштан.
Қимасаң да адал дос, жан ағаны,
Үй қызығы жиі ойға оралады.
Көк тиындық құны жоқ боп көрінер,
Үлде менен бүлдеге орағаны.
Асқақ сезім байқалар түріңнен де,
Кешегіге қайта бір үңілгенде.
Айқайлағың кеп тұрар қуаныштан,
Таныс тұтқа қолыңа ілінгенде.
Босай сала жұмыстың ноқтасынан,
Үйге келем, айтшы қай жаққа асығам?
«Кең сарайым –боз үйім» Жиренше айтқан,
Басталмай ма Отан да отбасынан?!





Пікір жазу