12.09.2022
  121


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ӨЛЕҢ

Белді бусаң қасиетті осы өнерге,
Ақын деген ойшыл, дана, кемеңгер.
Айтып кеткен сөз зергері ұлы Абай,
Таласы бар әркімнің де өлеңге.
Жақсы жырға жаның балқып жай табар,
Ән де емес бұл ырғағымен қайталар.
Ақ қағазға әсем ойды төгілтіп,
Түсіруге дайынбысың, байқап ал!
Өтсін мейлі жылдар, айлар, апта ,күн,
Дөп тисін тек нысанаға атқаның.
Оқырманға көкірегі ояу, көзі ашық,
Қажет емес сылдыр суың, шатпағың.
Оңай демен, қиын да жол қаншалық,
Шабыт буып, тұрсын жүрек ән салып.
Жақсы жырың мөлдір бұлақ секілді,
Шөл басатын рахатына тамсанып.
Жазғаның да болар бәлкім шап-шағын,
Жұрт аузында жүрсе жоқты тапқаның.
Мәселе сол – қайталама басқаны,
Өзіңе тән болсын айқын соқпағың.
Арғымақтың тұяғындай екпінді үн,
Естілсін де, жүзіндей боп өткірдің.
Өлеңді, дос, серік етсең жаныңа,
Рухани перзентім ғой деп білгін!





Пікір жазу