ЖАҢА ЖЫЛҒА ТІЛЕК
Достарменен орта толып, бай ғылып,
Көңілдерге орнасын тек жайлылық.
Құтты болсын келе жатқан Жаңа жыл,
Жылқы деген қанатың ғой сәйгүлік!
Өткен жылды өткізбедік текке біз,
Сан толағай табыстарға жеткенбіз.
Жүзеге асты жоспарлар да ойдағы,
Сондықтан да болмау керек өкпеміз.
Тізе қосып еңбек етіп тату да,
Іс атқардық жазылатын ғасырға.
Мұсылмандар тілегімен тұрғыздық,
Есет ата кесенесін жақында.
Мереке алды қосылыпты бастарың,
Апаларым, қаракөз қарындастарым.
Жайсаң аға, інілерім ізетті,
Әзіл-қалжың жарасатын достарым.
Ой-пікірден дей алмаймын жалықтым,
Бәріңнің де сырларыңа қанықпын.
Марапат ол – біз үшін ең жоғары,
«Мың жасағыр!» дегені ғой халықтың.
Сондықтан да дән риза басшылық,
Нарық қысты, көрдік демен тапшылық.
Еңбек еттік жұмылып біз жұдырықтай,
«Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығып!»
Қазақстан сәулетіне таңғалсын,
Егеменді ел екенін аңғарсын.
Жылқы жылы қиындықты таптап бір,
Артында тек түйдек-түйдек шаң қалсын.
Аулақ болып отбасынан қатер-сын,
Азаматтың артынан тек бата ерсін.
Жаңа жылда табысымыз тасқындап,
Шаңыраққа жаңалықтар әкелсін!