12.09.2022
  113


Автор: Бижан Қалмағанбетов

КЕЗДЕСУ

Бөгет болған қарамай ағыстарға,
Желмен саған жетем деп жарысқам да.
Ойға қалдым, қалайша көрмей жүрдім,
Дедім жаным сенімен танысқанда.
Жұмбақ қыз боп тұрдың сен күлімсіреп,
Бар жайымды жігітім ұғыншы деп.
Бағым шығар табылып іздегенім,
Сендей сұлу жолықты бірінші рет.
Шыңға ұшқандай желпініп қырандайын,
Әр сөзіңді жаттадым тұмардайын.
Теңеуге тіл жетпейді әдемісің,
Гүл майысқан қалпыңда шынардайын.
Бұл махаббат толы ғой сынақтарға,
Не істемейді ғашықтар ұнатқанда.
Сырымды айттым ұқтырып жанарыммен,
Сені оңаша шақырып жырақтарға.
Қазығым сен ұзамай байланамын,
Өзің едің күні-түн ойлағаным.
Құшағыма сен үнсіз тығылғанда,
Шөліркеген жандай боп аймаладым.





Пікір жазу