12.09.2022
  137


Автор: Бижан Қалмағанбетов

КҮЛКІ

Іші жұмбақ, таныс қой сырты бізге,
Десек-дағы ертеңнің кілтін ізде.
Өкпелеу де оп-оңай, мұңаю да,
Бар болмысың жымию, күлкіңізде.
Тіршілік ет, олқы емес, сенімдірек,
Кімге қажет жүргенің сенің жүдеп.
Толғантпайды ол ешкімді сондықтан да,
Тырысқайсың жүруге көңілдірек.
Жоқ салынған өмірдің тас қамалы,
Жан таппадым ажалдан қашқан әлі.
Өзіңді-өзің қамшылап күлдіргейсің,
Су тамызып аузыңа жатса-дағы.
Бастан бақыт деме бұл ұшқан күнім,
Жаман адам көрсетер дұшпандығын.
Зерделесең тарихты бабалар да,
Жоғалтпаған ертеңге құштарлығын.
Шыққанымен мықтыдан дауыс қанша,
Күн кешпе тек дірілдеп сауысқанша.
Қайғы-мұңды кеудеңнен ысырғайсың,
Өзіңді-өзің іштей жеп тауысқанша.
Асау тағдыр демеймін сілкілемес,
Алдай салар қажет пе түлкіге егес.
Жаңбырдан соң ашылған аспандайын,
Күлкісіз күн тіпті де мүмкін емес!





Пікір жазу