12.09.2022
  216


Автор: Бижан Қалмағанбетов

АҒА

Фаяз Харисовичке
Жайдары әркез жүресіз қуаттанып,
Жүзіңізден жүрекке шуақ дарып.
Файыз аға, кетеді көрсем сізді,
Бүкіл башқұрт туысым сияқтанып.
Аға-іні өмірдің сәні дерсіз,
Жазамын деп сырқатты әуресіз.
Профессор, доктор да мәртебелі,
Ақ халаттай жаны аппақ дәрігерсіз!
Тек кәсіпке жұмсалған алау күші,
Сәйгүліктің бәйге алар жараулысы.
Депутатсыз орындап аманатын,
Жұртшылықтың атанған қалаулысы.
Алдыңызда қымсынбай батыл, берік,
Амандасам құшақтап жақын келіп.
Басшы болып талай жыл қатарынан,
Бір ұжымға келесіз ақыл беріп.
Қимасымдай кеткен соң болып ізгі,
Қайта-қайта қысамын қолыңызды.
Шәкірттер де қаншама сізге ұқсап,
Дәрігер болып жалғайтын жолыңызды.
Көңіл шіркін секілді кейде теңіз,
Қайталанбас керемет күй кешеміз.
Қазақ-башқұрт қашаннан бауыр халық,
Тәржімасыз түсініп, сөйлесеміз.
Көп болғаны жақсы ғой таныс жағы,
Жан емеспіз қол жетпес ғарыштағы.
Ақтөбе мен Уфаны жол қылайық,
Бола қоймас кедергі, алыс тағы.
Азаматтық – әр жүрек соны ұқтырсын,
Жаңа жыл ма –мол бақыт болып кірсін.
Файыз аға, тілегім біздерді тек,
Мынау өмір қуанышта жолықтырсын!





Пікір жазу