12.09.2022
  125


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ӨМІР ҚАЙТА КЕЛМЕЙДІ

Батырсың ба, алып та бол сен мейлі,
Осы бір ой адамды үнсіз тербейді.
Тіршілік ет өкінбестей өткенге,
Өйткені өмір қайта айналып келмейді.
Баса алмай тұр жүрегің де аптығын,
Біреулердің есіне алып қастығын.
Жиырма бесің тұрмас па еді атойлап,
Кетпесе өтіп жалындаған жастығың.
Өз-өзіңді қояр кейде алаң ғып,
Жасадым деп қай пендеге сараңдық.
Екі-ақ нәрсе тұрады есте өткеннен –
Жасағаның жақсылық пен жамандық!
Бөлмесе де қақпақылдап шеткері,
Өткеніңе боларсың да өкпелі.
Екі-ақ сұрақ тұра қалар көлбеңдеп,
Не тындырдым, неге қолым жетпеді.
Мынау өмір қызығына құмартып,
Атқарам деп ал мойынға жүк артып.
О дүниедегі жұмақтағы орыннан,
Тірліктегі кешкен бір күн мың артық!
Азамат боп сүрсең де өмір саналы,
Сен өзіңді қойма ешуақыт жоғары.
Өтер жылдар, қайта айналып келмейді,
Дана халқың берер әділ бағаны.





Пікір жазу