12.09.2022
88
Періште
Көз жасын сұлу үзбейді,
Наласы мұңнан.
Қараша жылу іздейді,
Қарашығынан.
Отырушы ед самғап үн,
Сөзіме ұйып.
Сағынышының салмағын,
Көзіме құйып.
Сан сұрағы шымшылайтын,
«Амалың немен?..»
Жүрегімнен сыр сұрайтын,
Жанарыменен.
Қарамай маған кеткенде,
Келіспеп едім.
Сұлу боп қайта жеткен бе?
Періште дедім!
Жымиып тұрады жарқын,
Ішінен жылап.
Өксумен тынады әр күн,
Түсінем,
Бірақ...
Періште болып ұшпайды,
Еңіске қонып.
Адамға неге ұқсайды,
Періште болып.