Мегаполис
Көңіл – Көзге қиын емес рас аңдау,
Жүрсе дағы жын аралас дүрмекпен.
Ашынады ақын-жүрек масаңдау,
Қыз мұңына – қарайтұғын құрметпен:
Жазғыру бар. Жүрегіне жақын мұң,
Күрсіністің лебі шарпып көңілді:
Сайрап жатқан санасында ақынның,
Қыз бейнесі – естелікке көмілді.
Ести, ести елестердің мың үнін,
Шылым – шыдам. Таусылғанда шегіліп,
Кенет кетті миығымен мұңының,
қыз күлетін – мезеттерге шегініп.
Дала демі екіленді, рас тағы:
жұла жаздап көлеңкелер сақалын,
Ессіз шайыр батылдау бір бастады,
Қыз қарғаған – сәттерге де сапарын.
Саптаяқтың сыңғыр үнін түсіне,
Шатқаяқтап «Өлең» деді мас аға.
Жырларының жасырынып ішіне:
Қыз жылайды – көлеңкелі тасада.
Назар тіккен нас пейілдер нәпсілі,
Тіл ұшынан ұшып кеткен сөз аулақ.
Жырақ теуіп жайнамаз бен тәспіні,
Қыз билейді – духанада көз аулап.
Терезелер тыңдап жатыр той үнін,
Терезенің бер жағында – Ой Ұлы!
Дәу қаланың көшесінде қойылым:
Қыз тағдыры – Алматының ойыны!..