РОЗА ӘЛҚОЖАҚЫЗЫНА
Роза Әлқожақызысың,
Тегі бар тектінің көзісің.
Мың алғыс өсірген анаңа,
Роза Бағланның ізісің.
Сахнаның сайраған бұлбұлы,
Ажарың жайнаған қыр гүлі
Бұрала бұлықсып шыққанда,
Тұлғаңның байқалмас бір міні.
Ақ тісің маржандай тізілген,
Аш белің құмырсқа үзілген.
Жұрт ләззат алғандай ақша жүз,
Нұр шашқан қоңырқай көзіңнен.
Ән залын толқытып тұрдың сен,
Сұлу сөз таппадым саған тең.
Оң көздің астына жарасып,
Орнапты тарыдай қоңыр мең.
Дауысың қоңыраудай сыңғырлап,
Ақ күміс бұлақтай сылдырап.
Сүйкімді жас бота тәрізді,
Періште десті жұрт сыбырлап.
Сазды әннің сиқырлы бұрмасын,
Жүрекке жеткізіп тұрғансың.
Сайрай бер қазақтың бұлбұлы,
Халқыңның мейірі бір қансын.
Сахнада жүрдің сен үлпілдеп,
Қаншама бүйректер бүлкілдеп.
Кеш бітіп телеарна жабылды,
Таң қалып отырдым “шіркін”деп.