ЖАЛҚАУ
Петер Град патшасы Пинләнді елі
Айналасы құрлыққа кірген көлі.
Жалқау – аз, өнерлі – көп, зауаты – мол,
Өнердің Русия анық белі.
Жалқаулары бар болса некен саяқ,
Құдыққа салады оны аямай-ақ.
Үстіне арықпенен су жіберіп,
Расқа өлтіруге көңілі таяп.
Жалқауға кеңірдектеп келгенде су,
Шығарға оған амал жоқ талпыну.
Бір шелекті қолына берер сонда,
Тірлік сүрсең су төгіп құдық құру.
Су төкпесе өлуі сондай анық.
Шелекке жабысады жалқау барып,
Дамыл көрмей тездетіп суды төкті,
Қара терге бой алып шаршап арып.
Суы көп ағып тұрған орта құлақ,
Құдайы көз салмады тұрса жылап.
Өлімге басы байлы жалқау сорлы
Аузына су жақындап таяуырақ.
Шелек ап назары боп құдайына,
Тынбастан төкті суды ұдайына.
Тұрмайын,отырмайын,тоқтамайын,
Ұйықтамайын,шыдайын бір айына.
Деп қасам ғып,ант ішіп,суды төгіп,
Уақыт жоқ сіңбіруге естен зеңіп.
Тіл алайын,көнейін көбіңе деп,
Жалынып жалықпасқа сертін беріп.
Су төкпесе қалғаны сол құдықта,
Білімділер өнердің жолын құпта.
Соның үшін бір жалқау табылмайды,
Неше миллион шамасы халайықта.