12.09.2022
  119


Автор: Қыңырбек Қамашұлы

ЖЕСІР ҚАТЫН

Бұрында болыпты бір жесір қатын.
Жерлі-жесір қатын боп шығарды атын.
Жерін майлап, ас, киім қылды байқұс,
Қолында болмаған соң сатар сатым...
Бір бай майлап бірер жыл жерін алды,
Пәлеге жесір қатын міне, қалды.
Жер менікі деді де, көмегі көп,
Өкім қылып қатынды айдап салды.
Жер кетіп әр орынға арыз қылды,
Сөзін алған ешкім жоқ, анық білді.
Шикі өкпе, жас жетімді шуылдатып,
Өткізді осыменен неше жылды.
Бір күні жесір келді әлгі байға,
Пұлым жоқ біраз ақша берсең, жайға?
Я болмаса бірер қап топырақ берсең.
Пақырға болар дейді бұл да пайда.
Ақшамның мәнісі жоқ беретұғын,
Қатын едің, бек тәуір көретұғын.
Екі нәрсе сұрап ең, бірін бердім,
Топырақты ал, не қылсаң көнетұғын.
Бұл қатын, бір қап топырақ алды жерден,
Құса боп, жүрген пақыр қайғы-шерден.
Арқасына көтеріп қоя алмады,
Халі қалмай су болды, шыққан терден.
Бай-еке, рақым еттің, топырақ беріп,
Тағы жәрдем қылыңыз, тұрсыз көріп.
Мәрхамат қып, арқама қойып берсең,
Көптеген бұдан рыздық жермін теріп.
Бай ренжіп орнынан түрегелді,
Қапты енді көтермекке икемделді.
Қозғалта алмай екеуі тағы отырды,
Жесір қатын білімді еді, сөзге желді.
Бір қап топырақ көтермей қалдық қалай?
Бұл қорада топырақ, бар ғой талай.
Жерді арқалап қалайша апарасыз,
Махшар күні жалдайсыз қанша малай?
Мен жүрмін жылап-еңіреп еш шарасыз,
Кәсіп жоқ жетімім көп баспанасыз.
Күшпенен мекенімді, жерімді алдың,
Пұлсыз, даусыз, зәредей бір шаласыз.
Алла бөліп қарамас кедей-байға,
Пендеге залым етпек Хаққа ұнай ма?
Мақшарда шәксіз топырақ көтересіз,
Тозаңдай ісің аян бір Құдайға.
Бай қорықты сөзінен бұл жесірдің,
Ғажабын қатын айтып, беріп – жердің.
Қатынға бек тамаша, таң қалады,
Бірі-ау деп бұл заманғы кемеңгердің.
Жерін беріп, ризалық тіледі көп.
Бір қаталдық білмеген іс екен деп.
Осылай жеңді жесір жерін алып,
Үйдегі жетімдерді қуантты бек.
Ұмтылсақ бекер кетпес еңбегіміз,
Зор қата қарап жатып өлмегіміз.
Қайрат қылмай қайғырып бекер жатсақ,
Анық-шын ғаріптікі көрмегіміз.
Ұлы Алла жарылқа жәрдем беріп,
Қорлықты көріп жүрміз болмай ерік.
Сақта, Алла сансыз залым дұшпаным көп,
Барлығын Ғаділет Алла тұрсың көріп.
Өкпемді алып ұшып қарсы шықтым,
Нашар-азбын көмек жоқ, болар серік.
Сеніп ұста, сырласты анық байқап,
Адам аз, сөзі біреу, аузы – берік.
Ғазиз елім ойламайсың ғақіл жайын,
Ақ ниет шын көңілім сізге дайын.
Жем болып көп залымға кетеміз бе,
Неше ай, неше жыл боп күн-түн сайын...





Пікір жазу