12.09.2022
  114


Автор: Қыңырбек Қамашұлы

Қуып келем

Бір жүйрік қашағанды қуып келем,
Бойымды ашты терге жуып келем.
Кезім көп, бой алдырып албарынған,
Белімді тәуекелге буып келем.
Шығанға шығып мүлде шаңдатады,
Серпіні көз жетпеске тоңды атады.
Көлігім де талқы еді, талмайтұғын,
Шабыс пен күн де батып, таң да атады.
Желігіп, желдей жүйткіп ойнақтайды,
Оңай-оспақ жүйрікті ойнатпайды.
Қуған сайын өзіне қызықтырып,
Жете алмаспын дегенді ойлатпайды.
Әлі күнге келеді жақындатпай,
Жүрмін бе әлде ұрымтал жолын таппай.
Қарасынан көз жазып қалмайын деп,
Жіті қарап тебінем, тізгін тартпай.
Шіркін, қолға түсе ме, сол қашаған?
Байланып, қуана ма оң босағам?
Қиял мініп, қуғаным арман еді,
Қашан жыр әлеміне үн қоса алам..





Пікір жазу