meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  12.09.2022
  172


Автор: Қыңырбек Қамашұлы

Құлын

Құлдыраңдап құлыным,
Күн сайын өзге қылығың.
Есейгің келіп тезірек,
Кетіп жүр ме тынымың.
Буындарың бұлтылдап,
Танадай көзің жылтылдап.
Түймедей ғана тұяғың,
Тиген жері бұрқылдап.
Құйрығың көкке тігіліп,
Қимылың қырық құбылып.
Дөңгелейсің ұршықтай,
Көсіліп, кейде бүгіліп.
Кеткің бар таудан секіріп,
Шамадан тыс лепіріп.
Бармақтай ғана жүрегің,
Толқын ба, жатқан көпіріп.
Ет шымыр, сүйек сомдалып.
Қос сауырың қомдалып.
Көбірек шапсаң, өсесің,
Дейді ме, енең оңдалып.
Тай болсаң, мінсем жүгендеп.
Тұрманыңды түгендеп.
Озып кеп тұрсаң бәйгеден,
Ауыздық басып елеңдеп.





Пікір жазу