Қайда кеткем?
Кешегі қатты ішкеннен бас дыңылдап,
Көз жасаурап, құлағым тұр шыңылдап.
Адамдай ұйқы басқан есінеймін,
Ішімде асыр салды жел шұрылдап.
Әй, бауырым, тиыным жоқ деймін, сенсең.
Салатын бір қолқам бар, соған көнсең.
Дертімді жүз граммен жаза көрші,
Күйімді кетіріп тұр, түсіп еңсем.
Бауырымның жауабына қаратпастан.
Хат тиді хат таратқыш қарындастан.
Суырып конвертінен оқып едім,
Былайша жазылыпты біздің дастан:
Жасыңнан әуес көріп, арақ іштің,
Басында алды-артыңа қарап іштің.
Әрбір істің себебі болады деп,
Кірісін, шығысын да санап іштің.
Нәпсіңді өзің билеп тұрған кезде,
Ұяттан айрылмауды қалап іштің.
Кіртиіп екі көзің ішке тартып,
Сөткелеп, түйір салмай жарап іштің.
Ақыры мұрнын тескен тайлақтай боп,
Елпілдеп, жүз грамға құрақ ұштың.
Шайқалып стаканым, қол дірілдеп,
Көн-қоқыр, лас жерге де құлап іштің.
Арақтың тәлкегіне төзіп іштің.
Үй-жайдан, дүниеден безіп іштің.
Еңбексіз, көк тиының болмаған соң,
Дос-жаран, таныс іздеп кезіп іштің.
Япырмай, асқазаның не күйде екен?
Сары шайды қайнақ суға езіп іштің.
Нәпсіңе ақырында ие болмай,
Досым-ай, денсаулықтың өзін іштің...
... Бұл хаттан көрініп тұр, күндер өткен.
Әр сөзі өтіп жатыр осып беттен...
Секілді өрт өшірген сиқым мынау,
Құлдырап, осыншама қайда кеткем.