12.09.2022
  144


Автор: Қыңырбек Қамашұлы

Жеңіс толғауы

1995 жылғы мамырдың 9-да, Мақаншы ауылында өткен соғыс ардагерлерінің бас қосуында оқылған өлең.
Дүние тыныштандыр басқаларды.
Бар мұнда бұзып келген тас қамалды.
Қолтығынан көтеріп, төрге отырғыз,
Сөз бүгін ардагерден басталады.
Ұмытпа жұрт, ұмытпа соғыс жылын.
Ұшырмақшы ол дүниенің көкке күлін.
Еуропа, Азияны қайыстырып,
Бес жыл бойы талдырып тұрды белін.
Жасырып күннің көзін самолеті,
Көрінбей параходтан теңіз беті.
Әскері қара жерді солқылдатып,
Батыстан лапылдаған соғыс өрті.
Жалыны жолдағыны түгел шарпып,
Жалмады айдаһардай ішке тартып.
Жұтып-ап жарты дүние жер-жаһанды,
Ілінді Еуропаға иек артып.
Ұлы орыс, украин батыр халық.
Қарсы ұмтылды апатты бетіне алып.
Бір кемеге мінгеннің жаны бір деп,
Азиялықтар қозғалды атой салып.
Күйгізді көк аспанды жалын шалып,
Тұншығып жер қанға жатты талып.
Көтерді жерден ауыр бар салмақты,
Жас бала, жас әйелдер елде қалып.
Жаңбырдай жауған оқтан баудай түсіп,
Қырылып жатты екі жақ жерді құшып.
Жер айрылып жатқандай, көк жыртылып,
Тұрды дүние қап-қара жалын құсып.
Қаһарын қатты төгіп тұрса да ақпан.
Қас-қабақ, кірпігіне қырау қатқан.
Қан кешкен толарсақтан есіл ерлер,
Ұңғысын зеңбіректің төспен жапқан.
Қар жастап, бұлт жамылған, мұзды төсеп.
Қолымен сары аязда қарды көсеп.
Кетсе де ел мен жерін қорғап кетті.
Табанын күн қуырған құмға төсеп...
Жиырма неше миллион кетті боздақ...
Біреуі бір шаңырақтың шерін қозғап.
Бүгіліп, бір уыс боп дөңбекшіді,
Жиырма неше миллион ана боздап...
Жоқ-жітік, аштық пенен жалаңаштық.
Сөз емес, онан да ауыр жолды бастық.
Оқ тесіп өкпемізді өліп-өшіп,
– дейді ерлер, жеңістің де жолын аштық.
Жеңістің қолбасшысы Жуков батыр.
Панфилов Азиялық – мыңға татыр.
Бауыржан Момышұлы мақтанышым,
Аңыз боп Әлия, Мәншүк келе жатыр.
Соғыстың қасиетті құрбандары.
Елу жыл ел мен жерің нұрланғалы.
Еске алып рухына бас иемін,
Көңілім толқып, көз алдым тұманданды...
Апаттан көзі тірі қалғандары,
Қираған ел мен жердің қормалдары.
Құшақтап беттеріңнен сүйейінші,
Ардагері елімнің, бағландары.
Ақ иық қырандарым, қиядағы.
Қорғаған балапаның ұядағы.
Аман-сау жүр, жасаңдар, ағаларым.
Көңілімнің асқар таудай тиянағы.





Пікір жазу