12.09.2022
  151


Автор: Қыңырбек Қамашұлы

Абай Құнанбаевтың 150 жылдығына

Мың толғанып не айтарымды білмеймін мен Абайға
Асу бермес, мен бара алмас биіктік бар, Абайда.
Түпсіз терең сырларына ойым, бойым жетпейді,
Жүрекжарды сөз арнауға қарыздармын алайда.
Мен деймін-ау, мені қойшы, мен жәй көптің бірімін.
Топты көріп, шаңына еріп, көргенім жоқ ірінің.
Шаң бермейтін ірілер де Абай жайлы іркіліп,
Көсіле алмай, күрмеулері шешілмей жүр тілінің.
Қазағым деп мейірленіп, рахат-тыным таппаған.
Сөкті деме, жат қылығын бетіне айтты жақпаған.
Ой түсіріп сүйгендіктен, күйініп көз жұмғанша,
Қалың елін хан көтеріп, жүрегіне сақтаған.
Бақыттымыз, Абай біздің елде туып, жерде өскен.
Надандықты кері тартып, мыңмен жалғыз күрескен.
Шыңғыс – Семей арасында өткізіп-ақ өмірін,
Батыс, Шығыс пірлерімен иықтасып, теңескен.
Жаралыстан келе жатқан, қазақ деген халықпыз.
Асанқайғы, Қазтуғаннан жыр бастауын алыппыз.
Әр халықта өнер алды болса егер қызыл тіл,
Тіл туралы айтсын – әлем, қай халықтан қалыппыз.
Тіл дегенде тірегім де, мақтанышым Абайым.
Ана тілді қоспа тілден тазалаған талайын.
Орамды ой, өткір сөзбен жүрегімді жылытып,
Тұнытты Абай тұманданған ойларымның ылайын.
Бүгінгінің жіті көзін бұлдыратқан ақиық.
Өз тұсының теңдесі жоқ, телегей деп таниық.
Абай тілі мұқалмайтын, қылау түспес асыл тіл.
Сол асылға тілімізді оңды-солды жаниық.
Ерте оянып, дүние танып, жырмен тарих жазғандар.
Терең түсіп асыл ойдан сөздің кеңін қазғандар.
Мағжан, Сәкен, Ахмет, Ілияс, Міржақып пен Шәкәрім,
Тағы да көп, Абайды оқып өз тұсында озғандар.
Тыңды бұзған омыраулы, алғыр, озық ойшылың.
Бар халықтың барлық жүгін арқалаған ойсылың.
Көкірегіңді гүлге бөлеп, нұрға малсаң қаншама,
Сөзбен айтып жеткізбейсің, таяздатпа, қой, сырын!
Ғұмырына – 150 жыл, сол жылдардың – алыбы.
Серпіні мол, алыс кеткен, болжау бермес қарымы.
Зәредей шек келтіртпеді, шұлғытты жер жаһанды,
Адамзаттан асқан ақыл, алабөтен дарыны.
Өзі ұлы, сөзі – мәңгі, өңі кетпес қырмызы.
Көкірегіне жан сырындай басады елдің ұл-қызы.
Қашанда Абай адастырмас, төрт тарапты танытар...
Тек қазақ па, күллі әлемнің темірқазық жұлдызы!





Пікір жазу