Егеуханға
Қайырлы болсын Егеухан, жеткен алпысың.
Аумаған күнің төбеде, әлі талтүсің.
Жүз жиырма жасағандар бар әр елде,
Қартайдым деме, жинадың соның жартысын.
Шығып бір бүгін алпыстың асқар төсіне,
Келді ме алғың шақтарды өткен есіңе.
Тотының бейне түсіндей болып құбылған,
Тұрсың ба қарап, жастықтың салқар көшіне.
Етегін тартып, анаға ердің тәтелеп,
Үкідей үрлеп өсірген сені мәпелеп.
Қадірлеп әкең, қырмызы гүлден қызықтап.
Топ жарып талай, шығарып төрге жетелеп.
Ерке қыз болдың кестелеп көйлек желбірін,
Талғампаз болдың сүймеген сөздің селдірін.
Алтайдан аққан Егеуге атты өзеннің,
Ақын қыз болдың қана бір ішкен мөлдірін.
Ұялы терек үлкен бір шаңыраққа панасың,
Айтыскер ақын Дәулеткерейге анасың,
Арысты жерде намысын қорғар еліңнің,
Дуалы ауыз құдіретті сөзге данасың.
Шүйіліп көкте қырандай төне қараған,
Нәрлі деп танып, сенімді серік санаған.
Өзіңдей жанның жұмбағын тауып шеше алған,
Оңайда емес, алымды екен Кәп ағаң...
Заманға жаңа жарасып ұшқан қос қыран,
Дүбірлі мына тойыңа мен де қостым ән.
Талмасын топтың, қанат қақ, тағы алысқа,
Жарқылдап көрін, алтындай күннің астынан.