Әлтай Көдековке
Хош келдің ауылыма Әлтай бауырым,
Ықыласпен қарсы алып жатыр қауымың.
Көңілден шық, мерейің үстем болсын,
Арқалы нар, көтермек жүктің ауырын.
Ауылымның жаңа аты – Қаратұма.
Ерекше шұбат дәмді, дара тұма.
Табиғаты, байлығы желпіндіріп,
Кімнің болсын жел берер қанатына.
Аралап көр алдымен егіндігін.
Көрсетпеймін алмасам, көрімдігін.
Көрімдігі дән болсын қамба толы.
Сізден соны күтіп жүр, елім бүгін.
Шабындығы шартарап жатқан шалқып,
Бау-бақшасы бусанған нұрға балқып.
Қолыңызды ұялтпас топырағы,
Қойнындағы құнарын алсаң қалқып.
Тарбағатай төсінен аунап аққан,
Арындап көк мөлдір су дабыл қаққан.
Атызға бұр, мейілің құбырға бұр,
Ол да ауылыма бағынып дамыл тапқан.
Пайдалан жұпар ауа, самал желін.
Кейде төгіп береді нөсер селін.
Ара дейтін сансыз көш жұмысшы бар,
Бал жинайды гүлдердің сорып сөлін.
Егінші бар қыс-жазы қажымайтын.
Малшысы бар бойы көп жазылмайтын.
Көп болған соң ішінде кім болмайды,
Жалқау да бар дайынды қажалайтын.
Бар бізде жат қылықтан қорқатын да,
Бойда барын шындыққа сарқатын да.
Жылы жүрек, ақ пейіл адамдар көп,
Жымысқы бар етектен тартатын да.
Жатпа, тұрма, кім қандай біл танысып,
Ерсе қиын шоғайна бір жабысып.
«Көптің аузын күзетпе», – деген Абай,
Өзіңе - өзің сүйен, тіл табысып.