12.09.2022
  138


Автор: Қыңырбек Қамашұлы

Жарыма

Біреулерден жақсы болсақ, біреулерден жаманбыз.
Біреулерден олақ болсақ, біреулерден маманбыз.
Оның бәрі өз алдына таразысы табылар,
Ең бастысы ырың-жырың күн кешуден аманбыз.
Мен теріскей, сен күнгейсің, шуақты мол сақтаған.
Мен өзімшіл, сен әділсің – түзулікті жақтаған.
Мен – күйгелек, тыныштықтың шырқын кейде
бұзамын,
Сен қашанда байыптысың қабағына қақпаған.
Ашу келсе, адасамын, ақыл-ойға тапшымын.
Жалын бүркіп, шоқ шайнаған, у түкірген бақсымын.
Сонда жарым, кер кеуделі, кесір сөзді болса егер,
Жарсыз етіп қаңғып кетсем, отаспаймын: тап шыным.
Сенің жайлы жүрегіңді мүмкін қанша қозғадым.
Сонда да сен, адал жарлық, ақ ниетті бұзбадың.
Сен де мені ойсыз суық, әділетсіз демессің.
Мен де айналып, адалдықтың аясында мызғадым.
Отасқалы құрақ ұштың, отырдым хан тағына.
Сен арқылы зәредей бір қырау түспей сағыма.
Мен құйындай құбылмалы мінезбенен кетермін,
Сом алтындай салмағыңды сақташы сен тағы да.





Пікір жазу