12.09.2022
  102


Автор: Қыңырбек Қамашұлы

Жұмағалым Шөшекұлына

Бір ұяның балапаны-ек талпынған,
Өмір жолы бізге түрлі тартылған.
Бала кезден байыпты едің желіксіз,
Арманың да, асыл еді алтыннан.
Көкті жарған ақиықтай самғасақ,
Жан сусыны тәтті жырды аңсасақ.
Бала қиял асқар-ақ қой қашанда
Деуші едім-ау, жұта берсек, қанбасақ.
Оқушы едік Пушкинді де, Абайды.
Сәкен, Сәбит, Ілиясты, талайды.
Өзіміз де балапан жыр жазғанда,
Достарымыз зор ақынға балайды.
Тізгінделдік, қайтардық біз меселді,
Қоламтаға, қол да, тіл де көселді.
Ашылу мен сайраудың шоқ табына,
Арман толы кеудеміз де төселді.
Қалпақ кидік, істелді де түзедік.
Ойымыздың артық-кемін күзедік.
Сөткелеген ұйшыңдарды ұшырып,
Ұйқы көрмей қалжыраған біз едік.
Міндік талай толқындардың кемесін,
Талай достың демеу қылдық кеңесін.
Өткен күнде неге белгі болмайды,
Жастық шақтың еске әкелсек елесін.
Үлкен едім, емес едім замандас,
Сырлас, мұңдас болып өстік армандас.
Топтан шығып кетпесек те қара үзіп,
Қырық жылдай болып келдік қаламдас.
Ақындыққа ұстаздығың ұштасып,
Көкірегінде нұр толқыды күш тасып.
Қырық жылдай абыроймен келесің,
Халқыңменен қоян қолтық ұшқасып.
Содан бері түлеп қанша балдырған,
Көктемінің шуағындай алдыңнан.
Қанаттарын қағып жатты биікке,
Қырандайын томағасын алдырған.
Бірі ғалым, бірі ұстаз, әкім боп.
Жырды сүйген бірі өзіңдей ақын боп.
Ойла, Жүке, шәкірттерің қанша жүр,
Жүректері жүрегіңе жақын боп.
Қырық жылдық қос еңбегің еленіп,
Кеткен мезгіл, төккен терің төленіп.
Халқың сүйіп, қадірледі той жасап
Мерейлендің зор бақытқа бөленіп.
Шындық сөзге қашандағы жоқ талас.
Зор еңбегін ескермесек жарамас.
Әрі ұстаз, әрі жарың Мақпұза,
Бүгін мына мерейтойға жарналас.
Айдар, Айдос, Қарлығаштың анасы.
Жел тигізбес бір ұяның панасы.
Ер-азамат зайыбымен егіз деп,
Қазағымның айтқан сөзін қарашы.
Бала кезде тәтті қиял арманға,
Ерінбеген жетпей, сірә қалған ба?
Сол арманның шықтың міне шыңына,
Айтсын, халқым, осы сөзім жалған ба?
Құтты болсын, мерейтойың – қос ұстаз.
Көп жасаңдар, өмірлерің болсын жаз.
Шын жүректен жырмен шашқан шашуым,
Риза боп қабылдаңдар болса да аз.





Пікір жазу