12.09.2022
  100


Автор: Қыңырбек Қамашұлы

Әбілхақ Қамашұлының шығармашылық кешіне

Домбыра мына жай көзге ғана домбыра,
Шанағы толы, көнеден қалған мол мұра.
Көңілім сүйіп, құмарттым, түстім соңына,
Торықтым, қойдым, көкейге алмай қондыра.
Сезімі нәзік, мінезі ауыр қорғасын.
Домбыра тегі адамның маймақ жорғасын.
Таңдайды екен, табады екен қапысыз,
Көкірегіне орнатып өнер ордасын.
Домбыра бесік, көңілдің күйін тербеткен,
Жөргекте қазақ домбыра тыңдап ер жеткен.
Патшаның темір түрмесін бұзып, Құрманды,
Құтқарып қалған домбыра күшін көрмеп пе ең?!
Домбыра асқақ, сұлуға сырын сүйдірген.
Ханды да сөкті, момынды нақақ күйдірген.
Сиқырлы сазы, буынын алып, босатып
Аққуды арбап, ботасыз нарды идірген.
Киелі осы, домбыра досы – Әбекең,
Өнердің асқақ биігін сүйген нар екен.
Жігітке бақыт осыдан артық бола ма?
Қолдайтын халқы, абырой-даңқы бар екен.
Қалай да қалай келтіреді екен бейнемен,
Домбыра тыңдап толқимын қатты кейде мен.
Жем терген құстай лыпылдап кетсе саусақтар,
Домбыра, шіркін: адамша сайрап сөйлеген.
Әбекең және тек қана күйші демеймін,
Әнші де болған, бұлбұлдай бұрған көмейін.
Халқының қызық думанды өткен тойында,
Ән-күйін төгіп, тасытқан талай мерейін.
Әбекең ұстаз, шәкірттер қандай үлгілі.
Ұл менен қыздар секілді бейне қыр гүлі.
Әбеңнің сүйрік саусақтарынан нәр алған
Толып жүр елде күйші де әнші бұлбұлы.
Өнерді қуған сан түрлі болар кемеңгер,
Дарыны асып бірінен бірі тереңдер.
Асылық болар домбыра сырын меңгеріп,
Әбеңнен артық сиқырын табам, дегендер..!
Ұмыт боп қалмай еңбегің елге еленген.
Зая боп кетпей төгілген терің төленген.
Әбеке, сірә, арманың бүгін бар ма екен?
Халқыңның қымбат сыйына мұндай бөленген!





Пікір жазу