Қабдешке
Тарбағатай, Қалба мен Тоқта түлегі,
Арысқа салған еліңнің едің тілегі.
Үмітін ақтап қара үзіп келдің бәйгеден,
Қуанды халқың, лапылдап ыстық жүрегі.
Алпыс жыл бұрын перзенттік тойың тойланып,
Тойлыққа деген тай-құнан талай байланып.
Алпыс жыл тастап соңыңа міне, бауырым,
Ұлы бір тойың келіп тұр тағы айналып.
Баласы едің ол кезде ата-ананың,
Көбелек қуып тайған да шығар табаның.
Алпысқа толған халқыңның ардақты ұлысың,
Бар ма екен, Қабе, сіра да, бүгін арманың?!
Көлгірсу болар мекерлік түрде мақтаған,
Қиянат болар әділет жолын аттаған.
Өзіңдей болсын, еңбегін елге бағыштап,
Атаның борышын, ананың сүтін ақтаған.
Қазақтың көшін, ауыр да жеңіл тағдырын,
«Мың бір түндей» түрлендірдің сан қырын.
Осынау жойқын қос, ұлы тыңға жеткенше,
Қиялмен тілдің, жорғасын қатты салдырдың.
Тілдерің тұнық, тауыңның мөлдір суындай.
Ойларың таза, алтынның айшық буындай.
Оқысақ бастап, ән-күй боп мүлде кетеді,
Қоңыраулатқан айдынның аппақ қуындай.
Ащы тер төктің, сан-саққа бөлдің санаңды,
Қырандай самғап, айнадай көрдің ғаламды.
Рухы қолдап жатқан да шығар өзіңді,
Таныттың жұртқа, Қабанбай ұлы бабаңды.
Аталы сөзден алдырмайтұғын жүйрігім,
Айдынды көлден суырылып шыққан сүйрігім.
Қырымнан байқап, қиыннан барып ілгендей,
Көңілін шат қып, көтердің елдің иығын.
Зәредей Қабе, шек бар деуге қимаспын,
Шек қойғандардың көңіліне, сірә, сыймаспын.
Деңгейі десем, көп емес, ұлы Мұхтардың,
Ұлы ақындар: Сәкен, Мағжан, Ілиястың.
Қуанышқа мына жарыла жаздап барамыз,
Келгенде әр кез марқайып, сергіп қаламыз.
Алпыстан өрлеп, қонғайсың тоқсан тұғырға,
Өзіңмен талай абырой тағы аламыз.
Зор табыс тілеп ойымды, Қабе, түйейін,
Аға да болсам, Ұлы деп еңсе иейін.
Жасай бер, қалқам, ұштай бер асыл ойыңды
Құшағымды ашып, атынан елдің сүйейін.