12.09.2022
  154


Автор: Қыңырбек Қамашұлы

Тарбағатай саңлақтары

Ұлы тау – қасиетті Тарбағатай,
Ой салған көңіліме көне қарттай.
Баласы төрт атаның қоныс еткен,
Дөртуыл, Қаракерей, Садыр, Матай.
Батыс пенен Шығысқа жатқан көлбеп,
Кезінде қазақ, қалмақ шыққан желдеп.
Секілді түкті кілем қойнын ашып,
Аңқытқан жұпар лебін келсең-кел деп.
Жерінің түгін тартсаң шыққан майы,
Толықсып төбесінде туған айы.
Шынында Хас батырлар із қалдырған,
Бас болып Қаракерей Қабанбайы!
Оңтүстігі – Алакөл, Тоқта, Барлық,
Сәулеті көрген көзді тоқтатарлық...
Арасаны мың түрлі дертке шипа,
Мақаншы – “Жібек жолы” – мақтанарлық!
Солтүстігі – Марқакөл, Кәрі Қалба,
Берем бе шөбін – алтын суын – балға?
Тай шығып, тоқты, шыбыш егіз тапқан,
Күйедей жұғымы артық түлік малға.
Таулы өлке, күміс көлді қос қанатын,
Біз емес, Жәннәт деуден жасқанатын.
Абай туған Шыңғыстың сыңарындай,
Ертеден шежіресі бар басталатын.
Киелі дейді халық топырағын,
Дулат туған шәрбәт жыр сапыратын.
Әсеті – ән мен жырдың асқар шыңы,
Кәрібай арнасы кең жатыр ағын.
Бұлардан соң шығатын он жеті ақын,
Ішінде: Төлеу Көбдік сөзі батым.
Шығыстың Көкбайымен сөз қағысқан,
Халқымыз ұмытпайды Әріп атын.
Айтысса жарқырап бір атқан таңы,
Самғаса будақ-будақ шыққан шаңы.
Соңында сайып қыран шәкірттер бар,
Жүр бүгін Алтынбайдың Қалиқаны.
Сөйлесе топ ішінде шаң бермейтін,
Шарықтап қыран құстай шыңға өрлейтін.
Арқалы ақын, журналист, әрі ұстаз,
Ешкімнің ғұламасынан кем көрмейтін.
Аманжан Жақыпұлы Мақаншыда,
Жүйрігі ана тілдің жел ермейтін.
Жырының жұпар иісі, жуасы бар,
Қалың жұрт сүйіп айтқан куәсі бар,
Жабайыл Бейсенұлы – Алакөлде –
Нар жүгін арқалайтын, міне, осылар!
Біз кембіз, кімнің жүйрік жорғасынан?
Даңғылмыз жаңылмас жол ырғасынан.
Әсетті біз жырламай кім жырлайды?
Осындай шықтық өнер ордасынан!
Әнші Әсет, дауыл дауысы шыққан көкке,
Қан қызар күй таратқан төңірекке.
Толқытып тоқсан түрлі құбылтса да,
Алқынып тарылмаған қысып өкпе.
Арысқа түскен талай: “Найман шалдап!”,
Қай жүйрік саңлағымның шаңын шалмақ?!
Халықты ән мен жырға жамыратқан,
Алатау, Алтай, Арқа, Боғда шарлап.
Кезінде шәкірті еді Хазіреттің,
Жағымпаз адамы емес екі беттің.
Сараң бай, шала молда, содырларға,
Тік айтқан зияндасы болса көптің.
Қуанышта халықтың тойын бастап,
Халқы да хан көтерген қолына ұстап.
Дүние жимай кеудеге өнер жиып,
Шаршы өрге шапқан жүйрік кең құлаштап.
Көзі ашық, көнелермен қатар шыққан,
Солардай заманының сырын ұққан.
Заманның сол кездегі мінін айтып,
Бейнеттің қуғын-сүргін дәмін татқан.
Он алты, он жетінші жылдардағы,
Шайқалып дүрбелеңге елдің бағы
Еркі жоқ мал мен жерге ие шығып,
Ата жұрттан ел ауып, сынды сағы.
Адасып қалың қауым ақыл-естен,
Көңілінен күлкі көшіп, қайғы ілескен.
Оққа ұшып, қолға түсіп халық босты,
Дүние бұзылғандай астан-кестен.
Жұртта қалды ит ұлып, түйе боздап,
Жанбай тұр иен үйлер оты маздап.
Толғанып ақын отыр көзді жұмып,
Көріктей көкіректің шоғы қоздап...
Бас зеңгіп, өз алдына қолы сыймай,
Бәрінен Жер-Анасын отыр қимай.
Өнердің бесігінде тербеткен жер,
Тұр ма әлде, бұдан соңғы дәм бұйырмай?!
Қош айтты, туған жердің тасын сүйіп,
Жер-Ана еміреніп жатты иіп.
Сүрмедей, көзге сүртіп жүрейін деп,
Бір шымшым топырағын алды түйіп.
Бұзылып, үркіп-қорқып елдің шырқы,
Еріксіз дархандықтың кетті ырқы.
Шығысқа алпыс ата басы ауды деп,
Бір түнде ақынның да қалды жұрты...
Білдірмей басқаларға өз қайғысын,
Ішінен тынып ақын, басты тісін.
Халқының қайғы жыртқан жыртық көңілін,
Жамауға ән-жырымен салды күшін.
“Қоныстан біз қозғалдық өткен жылда,
Қайғы бар жан иесі – әрбір құлда.
Көресің көреріңді көмілгенше
Жақсылық, жамандығын бірдей пұлда”.
Деп ақын тоқтау айтып қалың елге,
Шақырды қайсарлық пен тәуекелге.
Көңілін қайғылының жырмен жуып,
Халқымен өлгенінше болды бірге.
Ақынның осы еңбегін халқы да ақтап,
Көкейге түйген екен жыр ғып сақтап.
Жетпіс жыл өткеннен соң баспа көрген,
Отырмыз ақын жырын біз парақтап.
Өнермен төрт тарапқа қанат жайған,
Ән-жырдың егесінде ашты майдан.
Аманат болашаққа қазынасын,
Жаттап ап, жиып берді қалың Найман.
Елімен ердің аты шығар деген,
Нақыл сөз айтылған-ау, осындайдан!
Сөйтсе де, көп сөз кетті көнелермен,
Орыны бұл арманның толсын қайдан?!





Пікір жазу