Қайтер едің?
Сенің арман жолдарыңа гүл ектім,
Амал барда келмес сені жүдеткім.
Саған бақыт жаратам деп мен ылғи,
Жастығымның қанша күнін жүдеттім.
Өтер күндер біз келеміз селбесіп,
Бақыт емес бұйырмаған кең несіп.
Менің жырым несібем ед тегінде,
Тыңдауға асық жақыным боп шөлдесіп.
Түсінесің менің мынау жанымды,
Арнап-арнап келем саған барымды.
Шыдай-шыдай мен өтермін бірақ та,
Таусып алсаң қайтер едің төзімді.
Биік жүрсін деп тіледім өзгеден,
Бар сырыңды түсінуші ем көзбенен.
Аласарып ылғи сенің алдыңда,
Бір басыңды зор санаушы ем өзгеден.
Шамның түбі қараңғы ғой қараңғы,
Айтып алып болдық па біз бар әнді.
Қызуы көп, қызығы мол өмірден,
Емдеп өткін менің барлық жарамды.
Орамағын үлде менен бүлдеге,
Толтырмағын құшағымды гүлге де.
Көп жалғыздық сезінетін жанымның,
Сырласы бол, мұңдасы бол, тегінде.