11.09.2022
83
Қалайсың дейсің
Қалайсың дейсің қалайдан қалай болушы ем,
Айтпасам-дағы білесің, құрбым, оны сен.
Тосар ма ең сонда көзіңді жұмып жүзіңді,
Ақ жаңбыр болып төбеңнен ғана төгілсем.
Қалайсың дейсің елменен жүрмін қатарда,
Асығып тұрам ақ таңмен ылғи сапарға.
Теңгедей етік қалғанша әйтеу кеземін,
Қиялымменен сен барған арман шаһарға.
Қалайсың дейсің, қалайсың деме, жарқыным,
Бірінің алды, бірінің десем артымын.
Кейіп те жүрем болмай да кетті бір мысқал,
Жезбенен парқы жарқырап тұрған алтынның.
Қалайсың дейсің, білгендей өзің,
Жүр дейсің әйтеу жетісіп салған қай әні.
Мөп-мөлдір мынау жанарым сынды мөлтек жыр,
Өзің боп қана құшағын маған жаяды.