Нажағай
Көкті тіліп түсердей күркіріңмен,
Жерді ояттың нажағай сілкініп ең.
Жасын ойнап келдің де жер бетіне,
Жарқ етіп жоқ боласың сиқырыңмен.
Неге сені теңеймін ғажап-ақсың,
Арамдықтан кетердей тазалап шын.
Кінәсі көп пендені жер бетінен,
Жиып кеткің келді ме жазалап шын.
Артынан аспан жылап жер бетіне,
Мұң шағып жатыр бәлкім теңдесіне.
Жер ана көк аспанның ғашығы екен,
Қоймайды мына шындық сенбесіңе.
Аспан-ата, жер-ана жаралғанда,
Бір-бірінсіз бақытты таба алған ба?
Аспан төгіп орасан жерге мейір,
Жер-ана содан балқып нәр алғанда.
Содан солай өрбітті тіршілікті,
Оңнан айы, солынан күн шығыпты.
Ай мен күн де бір-бірін көре алмаған,
Мәңгілік ғашық дейді күрсіністі.
Аспан солай телміріп жер бетіне,
Қарап қана жататын келбетіне.
Ал, жер ана сүзіліп көп қараған,
Ой жетер, қолы жетпес теңдесіне.
Көк өгіз жер ананың пырағы ма?
Айналған жердің асты тұрағына.
Сілкінісі кейде осы жер ананың,
Жалғыздық мұңы ма екен сыңарына!
Көп михынат тартқанмен адамдардан,
Беріп келді байлығын жаралғаннан.
Жер емшегі тілініп жара бопты,
Азуы қанжар тісті арандардан.
Сен солай қорғайсың ғой асылыңды,
Көңіліме ой түсіп жас ілінді.
Келгені дәл біздердей кінәлі боп,
Кеткені тағы өзіңе жасырынды.
Ей, көк аспан, нажағай кірпігің бе?
Жер бетін арамдықтан сілкідің бе?
Көзім алды жарқ етіп менің-дағы,
Жай түсіріп жіберді күйкі үніме.
Жеңілдеп сала берді тұла бойым,
Биіктеп қанат қақты ұлар ойым.
Нажағай сенен туған өлеңімді,
Жай отындай жарық қып шығарайын.