11.09.2022
  109


Автор: Пәридә Манапқызы

Туған жер құшағында

Құстар-дағы кетті ұшып жылы жаққа, ауылына,
Жіберер ем хат жазып аппақ ұлпа бауырына.
Күздің мынау боз аспаны сұп-сұрғылт боп бозарды,
Боз тұманды бұл қаладан ауыл ойға оралды.
Жататұғын түтіндері будақ-будақ көкке өрлеп,
Біздің үйдің түтіні ғой анау ұшқан шеткерек.
Қандай бақыт әке үйінің көрінгенде төбесі
Жерұйықты неге іздедім сонша қаңғып мен осы.
Тақыр тулақ үстіне сап, апам түткен түбіттей,
Қожыр-қожыр тауға барып, ақ шарпы бұлт сүңгіпті-ей.
Дүрия толқын дүрілдеп барад, өзен жатыр бұлқынып,
Сыбырлаған қыз даусындай кейде қалар күрсініп.
Түні қандай жұлдыз еді, дәл төбемде шашылған,
Сол жұлдыздан жыр моншағын үзіп алып асынғам.
Жел ұшырып әкеткендей, ару қыздың үкісін,
Қамыстар да сылдыр қағып сағындырды күлкісін.
Күндіз жақын қыраттарда, түнде кетер алыстап,
Анда-мұнда ауыл иті үреді-ай кеп дауыстап.
Шиқылдаған арба үні ме, уілдеген жел ме екен,
Тарих құшып ұйықтап жатқан ойландырад ел-мекен.
Ай қарады сұлу қыздың жанарындай тұп-тұнық,
Күз желі де мені сүйді, самалымен сұп-суық.
Екі иығымнан құлап түсті, қиял мүсін қырсығым,
Топырағыңнан алып қайттым ата қоныс бір сығым.
Өзеніңнің, көлдеріңнің тасын тердім неге мен,
Ертіс, Қыран,Үліңгірдей анау жатқан көліңнен.
Үш түйір тас тұмарымдай отауымның, өзімнің,
Бір қайратын берер маған тастай берік сенімнің.





Пікір жазу