Әзияның қасында
Отырмын мен Әзияның қасында,
Осы бір күн жетер білем ғасырға.
Міне менің тұңғыш рет көргенім,
Өлеңінің үлгі қылып өрнегін.
Отырмыз біз тосырқамай сырласып,
Арман жолын жүргеннен соң бір басып.
Өлең өқып берші деді күлімдеп,
Бұл сұраныс тиді маған қиын боп.
Қайтармадым бірақ оның тілегін,
Атқалақтап тұрса-дағы жүрегім.
От көбелек жайлы өлең оқыдым,
«Жақты-деді,-маған, Науат, осының».
Жақсы лебіз жанымды кеп тербеген,
Кей ақындай кеудесін де кермеген.
Ақ пейілі ғана қатты ұнады.
Мына өмірдің көп қой бізге сынағы.
Кезіксе де күнде алдынан көлденең,
Соның бәрін елең құрлы көрмеген.
Кеттім мен де ерлігіне қызығып,
Өне бойым бара жатты жылынып.
Сөмкесінен қатирасын алды да,
Отырды кеп менің қарсы алдыма.
Оқып берді маған екі өлеңін,
Қарасаңшы, ойларының тереңін.
Ақын болу азабы көп өмірде,
Ие болу оңай емес сенімге.
Серт қып ұстап сенімінің семсерін,
Өнерменен жайып жүрген өркенін.
Ақын қыз деп халқы атын жаттаған
Жинақтарын сөресіне сақтаған.
Отырмын мен Әзияның қасында,
Осы бір күн жетер бәлкім ғасырға.