11.09.2022
126
«Жан досым»
Жыртылып жоғалғаны-ай көп өлеңім,
Қысқа ғұмыр сүргендей көбелегім.
Жанарымнан іркілген жасты көріп,
Жан досым, не үшін дедің, неге дедің.
Бере алмай саған, досым, жауабымды,
Үн-түнсіз қолыма алдым қаламымды.
Жоғалғанның орны қайта толмайды екен,
Ол үшін мұң басып жүр қабағымды.
Өлеңім өмірім ғой жан шырағым,
Бере алмай саған жауап қалтырадым.
Қалқалап маңдайымды алақанмен,
Қағазға тамды мөлдір тамшыларым.
Жанымның қиналғанын сезіндің де,
Шанағына жас толды көзіңнің де.
Сен маған тіл қатпадың онан ары,
Кеттің де ағыл-тегіл сөгілдің де.
Өмірде келеміз деп сырлас болып,
Жырымды шаттанушы ең тыңдап болып.
Жан досым, кешір дедің қарсы алдымда,
Сұрауым қалсын дедің жұмбақ болып.