Ілеге арнау
Ширатып, шырқыратып жыр арқауын,
Халқына қабырғалы ұлан таудың.
Әкелдім елден сәлем, жерден сәлем,
Халқынан алтын құсқан ұлы алтайдың.
Армысың, қызай ана, үйсін елі,
Ұйтқыған өзіңде өлең, күй сібері.
Шалқытып шабытымды жіберейін,
Алынған заманада жыр шідері.
Көңілім өрекпіген тасып менің,
Аунауға кең төсіңе асық та едім.
Армысың, алтын мекен Іле өзені,
Екі мың шақырым жол басып келдім.
Шаттықпен қарар артқа, алдыға да,
Жеткенде ел бақытына, арманына.
Бір кезде жоңғарларға дес бермеген,
Ұрпағы Қабанбайдың бар ма мұнда?!
Жоқтаған жоғын кедей сан ғарыптың,
Жатпайтын дұспанын да аңғарып тым.
Сапырған Іле өзенін ән, жырымен,
Ұрпағы бар ма мұнда Таңжарықтың?!
Атқанда шаттық сіреп асыға таң,
Маған сын болар еді тасымасам.
Боздатқан боздаланы күйіменен,
Ұрпағы бар ма мұнда Әшім атам.
Байтақ ел сияқты бір бәйтерегім,
Қойныңнан өлең мен жыр, ән теремін.
Мың жылдар кең төсіңде орда ұстаған,
Ұрпағы бар ма мұнда хан-төренің.
Естіртіп шаттығын да, күрсінгенін,
Қалдырып талай жаудың құр сүлдерін.
Мың жылдар қорғап келген бұл өңірді,
Мирасы бар ма мұнда үйсіндердің.
Мың сәлем бәр-бәріңе ақыныңнан,
Бұл шақта ойда өлең сапырылған.
Сан ғасыр меншік еткен ұлы өлкені,
Айналдым қызай ана ақылыңнан.
Суы бал, жері алтын өлке мынау,
Армысың асқар шыңды еңселім-ау.
Сан ғасыр сұқты көзбен қарап келген,
Төсіңде қызғанышпен өртеніп жау.
Бұл күндер өмірің шат, тұрмысың бай,
Тұрам ба шабыт құсын бірге ұшырмай.
Сапырып ән мен жырды сал серідей,
Келемін анда-санда жыл құсындай.
Жасыңнан өлең жырға дәніккенсің,
Жыршы, ақын сені ғана дәріптесін.
Есейген еліменен, жеріменен,
Армысың бұлбұл көмей әріптесім.
Ой қосып ортақтасар ойларыма,
Халқым-ау, қадырменді қормалым-ау
Оқалы тон емес бұл, орамалдық,
Арнаған тартуым бұл тойға мынау.