Үліңгірім
Сан ғасырлық тарихың бар Үліңгір,
Қасиетіңе тағзым еткен сұлу жыр.
Көңіліме көк теңізден өрнек сап,
Үліңгірдей толқитұғын күнім бұл.
Үгіңгірім, киелісің, ұлысың,
Сенен көрем тіршіліктің тынысын.
Үліңгірдің жағасында өскен ел,
Тасып жатыр ақ өркештеп ырысың.
Үліңгірім тарихтың куәсі,
Жазылған жер сан қыранның құлашы.
Жағасына қан мен терін сіңіріп,
Бабалардың тастап кеткен мұрасы.
Үліңгірде үлгі аларлық бар ұғым,
Тайдай тулап таңдандырған балығың.
Төңіректің төрт бұрышы іздеп кеп,
Қайтып жатыр басып сенен сарығын.
Үліңгірге дейді екен ел барсам бір,
Көрмеген жұрт даңқын естіп аңсап жүр.
Шаттығына шаттық қосып бұл күндер,
Аққу, қаздар құрып алған әнсәмбіл.
Сенен нәр ап қайратым мен қаруым,
Тапқандаймын сырқатымның дәруін.
Салтанатты саяхатың ашылып,
Ақ шабақпен бірге ойнаған аруың
Үліңгірім құтты қоныс тұрағым,
Сұлулықты тұнығыңнан ұғамын.
Көңілімнің көк жиегін көмкерген,
Жағадағы жасыл майса құрағың.
Көз жеткісіз ұлан-қайыр аумағың,
Көк теңізге көрік берген бау-бағың.
Бақытымның бал қымызын сапырып,
Біздің халық жолын тапты сауданың.
Жалғасқансың сонау алыс ғасырдан,
Шарапат бар, шапағат бар асылдан.
Үліңгірім киелісің құт қонған,
Біздің елдің мәртебесін асырған.