11.09.2022
115

Ару қайда ай дидарлы аққұба?
Жақтыға сөз, жол бермейтін аттыға,
Қол баққан ит абаласа аптыға.
Кім біледі таң атқанша дөңбекшіп,
Мамық көрпе жамбасыңа батты ма?
Көңіл шемен қос жанарды шел басып,
Сілкіністен өзен теріс ақты ма?
Тіршілікке нараулығын білдіріп,
Шуақ шашпай күн мерзімсіз батты ма?
Бал жұтсаң да айналғандай аштыға,
Нәр тата алмай шықтың ба үйден қақтыға.
Неге сонша жабырқайсың, жаным-ау,
Көр соқырлар саған кіна тақты ма?
Сылап-сыйпап оятатын ұйқыңнан,
Ару қайда ай дидарлы аққұба?
Еркелетіп баққан сорлы күшігің,
Есейгенде балтырыңнан қапты ма?!